Астана күні құрметіне әр өңір тамаша тартулар әзірлеген болатын. Соның бірі Шардарадағы теңіз жағасынан заманауи үлгіде салынған екі қабатты жаңа мұражай. Облыстық бюджеттен бөлінген 107 млн. теңгеге аумағы 1800 шаршы метр болатын ғимарат құрылысын былтырғы жылдың шілде айынан бастаған «Жер-Су-Жол-Сервис» ЖШС белгіленген мерзімде ойдағыдай аяқтап шықты.
Мәдениет ошағының ашылу салтанатында облыстық мәслихаттың хатшысы Қамытбек Айтөреев, облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев, аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Гүлнәр Аренова тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, мұражай үйі алдағы уақытта халықтың рухани азығына айнала берсін деген тілектерін арнады.
Құрылыс жұмысын өз дәрежесінде жүргізген «Жер-Су-Жол-Сервис» серіктестігінің бас инженері Қанат Ержігіт жаңа нысанның кілтін аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Нұрлан Сымайыловқа салтанатты жағдайда табыстады. Мерекелік күйге бөленген қала тұрғындары мен ардагерлер заманауи талапқа сай салынған қос қабатты үйдің әсем көркін қызықтады. Өйткені, ол архитектуралық сымбаты мен аумағы жағынан облыстағы бірден-бір айшықты ғимарат болып табылады. Әрі биылғы елорда күні құрметіне сыйға тартылған шашулардың ішіндегі ең айтулысы деуге лайық.
Әр мемлекеттің төл мәдениеті мен салт-дәстүрі, тарихы мен тағылымы қашанда мұражай үйі арқылы насихатталып келсе, бұл жағынан шардаралықтарды марқайтатын үлкен жетістік осы болып қалмақ. Енді алда жаңа мұражайдың ішін құнды жәдігерлермен толтыру міндеті тұр.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы